«Балбұлақ» ұжымына ризашылық пен алғыс
«Балбұлақ» балалар оңалту орталығы ұжымына өз алғысымды білдіремін.
Орталықта 20.11.2017-14.12.2017 ж. аралығында баламмен жолдама арқылы келіп, орналасып ем алғанбыз. Баламның диагнозына, жасына сәйкес тиісті емдерін, педагогикалық көмектерін толықтай алды. Соның ішінде: емдік дене шынықтыру жаттығулары, сылап-уқалау, физиотерапия, гидрокинезотерапия, иппотерапия, механотерапия және логопед, психолог, музыкатерапия, Монтессори педагог мамандарының ем-домдарын қабылдады. Нәтижесінде баламның ұсақ моторикасын жетілдіруге, сөйлеу қабілетін арттыруға, шынығуына, денсаулығының жақсаруына, психикалық дамуына септігін тигізді.
Оңалту орталығына келген күннен бастап, емдеу дәрігері Ирина Александровнамен танысып, баламның диагнозы бойынша біраз пайдалы мағлұмат алдым. Орталық педиаторы Роза Науқамбаевна өз тұрғысынан баламның денсаулығы туралы кеңес берді.
Өз істеріне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратады. Әрі жасаған ем-домдары да көңілге қонымды. Әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Осындай абзал мамандардан ем алып, сырқатымыздан айығамыз. Барлық жаны таза, абзал ақ халатты мамандар мен медбикелерге, педагог мамандарға, тазалық қызметкерлеріне, асхана, кафе ұжымына, шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Әрине, «Балбұлақ» оңалту орталығының басшысы Мұхтар Жақсыбайұлына, бөлім бастығы Татьяна Владимировнаға үлкен алғыс!
Әрқашанда жүздеріңізден күлкі кетпей, тәрбиелеп, емдеп шығарған балаларыңыздың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер! Ешқашан жаманшылық көрмей тек қуанышты күндеріңіз көп болсын. Осы атқарып жүрген қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтеріңіздің тек жемісін көріңіздер! Жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын!Отбасыларыңызға жанұямыздың атынан бақыт-береке, мол табыс тілейміз!
Құрметпен, Жанұзақұлы Жандаулеттің анасы Смагулова Эльвира